Сирек металдарды өндіруді дамыту және олардың негізінде инновациялық
өнімдер шығару. Қазақстан Премьер-министрі Үкімет отырысында осындай тапсырма берді.
Олжас Бектеновтың айтуынша, жобалар қосылған құны жоғары өнімдерді жасауға
бағытталуы тиіс. Бұл технологиялық жағынан күрделі өндірістерді дамыту үшін
әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы қазақстандық тау-кен
өнеркәсібінің экспорттық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Мыс, мырыш, темір
және алюминий бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Сондықтан отандық экономиканы
әртараптандыру үшін өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріледі. Өнеркәсіп
және құрылыс вице-министрі сирек кездесетін металл саласын дамытудың басым
бағыттары туралы айтып берді.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында сирек металдар саласын
дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданды және іске
асырылып жатыр. Өндіріс саласына келетін болсақ, елде бірегей өнім шығаратын 8
кәсіпорын жұмыс істейді. Өндірістік мүмкіндіктер мен әлемдік сұранысты ескере
отырып, 4 бағыт анықталды. Біріншісі - батарея материалдары. Екіншісі - ыстыққа
төзімді қорытпалар. Жартылай өткізгіш материалдар – үшіншісі. Ал төртіншісі -
тұрақты магниттер.
Айта кетейік, біздің елімізде сирек кездесетін металдар қоры бай. Өткен
жылы 11 учаскеде іздеу жұмыстары аяқталды. Олардың бірінде шамамен 17 сирек
кездесетін компоненттері бар ірі кен орны анықталды. Болжамды деректер
расталған кезде республика сирек жер элементтерінің қоры бойынша әлемдік
көшбасшылардың ондығына кіре алады.

