Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев түрік бизнесінің өкілдерімен кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысына YDA Holding компаниясының Қазақстанда іске асырып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде
мәлімет берілді. Атап
айтқанда, түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында
көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға
алған. Компания алдағы уақытта көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп,
Астанада сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды. YDA
Холдингінің тағы бір стратегиялық жобасы - Ақтауда мультимодальды транзиттік
хаб құру. Мемлекет басшысы сондай-ақ Ақтөбеде логистикалық хаб салып жатқан S
Sistem Lojistik компаниясының басшылығымен кездесті. Компанияның мәліметінше,
жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Орталықты пайдалануға беру келесі жылға
жоспарланған. Қасым-Жомарт
Тоқаевтың айтуынша, логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды.
Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға
мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп кешені де түрік бизнесінің басты назарында.
Мәселен, Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін
зауыт салуға ниетті. Мемлекет басшысы іскер топтар өкілдерінің шешімін құптады.
Жоба еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, заманауи технологияларды
енгізуге және отандық мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал ететін болады.

