Қасым-Жомарт
Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында «Орта Азия – Орталық»
магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы
Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға
Владимир Путин және Шавкат Мирзиёев де ат салысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде
бұл тарихи оқиға екенін баса айтты. Ол Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның
энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге
көтеретінін атап өтті. Жоба Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен
энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде елеулі рөл атқарады. Айта кету
керек, жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын
магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы
арқылы өтеді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақтылы және толық аяқтады.
Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағыттарын әртараптандырып, Қазақстанның газ
тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және
жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік
береді. Сонымен қатар ол елдеріміздің өнеркәсібін дамытуға, бизнес-ахуалды
жақсартуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді.
Телекөпір
барысында энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Атырау облысындағы «Мақат»
компрессорлық станциясында «Орта Азия – Орталық» газ құбыры магистралінің
қазақстандық бөлігі дайын екендігі жайлы хабарлады.
Алмасадам Сатқалиев,
ҚР Энергетика министрі:
-Қазақгаз
компаниясы өз газ тасымалдаушы жүйесіне Өзбекстанға жіберілетін көгілдір отынды
қабылдауды бастады. Бастапқы кезеңде 2,8 млрд текше метр көлемі белгіленіп, ол
Өзбекстан Республикасының энергетикалық кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз
етуге бағытталады. Ол, әсіресе, Орта Азия елдерінің бірыңғай қуат жүйесінің
жүктемесі үшін жылу маусымында аса маңызды. Бұл тасымалды жүзеге асыру үшін
Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасында магистральды құбырларды жөндеу бойынша көп
жұмыс атқарылды. Компрессорлық станциялар модернизацияланып, жаңа өлшеу
станциясы салынды. Бұл жұмыстар көгілдір отынды тасымалдауға жол ашады.
Салтанатты
шараға қатысқаннан кейін Қазақстан мен Ресей Президенттері екіжақты келіссөз
жүргізді. Кездесу барысында мемлекет басшылары қос тарап стратегиялық әріптестікті
нығайтудың жолдары туралы пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары қарқынды
дамып келеді. Өз кезегінде Владимир Путин екіжақты байланыс деңгейі жоғары
болғанымен, әріптестікті арттыру қажет екендігін жеткізді.