Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету аясында Қазақстан 100-ден астам ірі іс-шараның ұйымдасуына мұрындық болды. Ондағы діттеген мақсат - Ұйымға мүше елдердің өзара қарым-қатынасын заман ағымына сай жетілдіру. Сарапшылар бұл ретте еліміздің 3 бағыттағы бастамаларының маңызы ерекше екенін айтады. Ол ынтымақтастық шеңберінде цифрландыру, энергетика және туризм салаларында әріптестік әлеуетін кеңейту. Осы тақырыптарда бірқатар келелі кеңестер ұйымдастырылды. Бұл ықпалдастықтың нәтижелерін одан әрі арттыру елордада өтетін ШЫҰ саммитінде лайықты жалғасын табады дейді, мамандар.
Әлібек Тәжібаев, саясаттанушы:
- Бұл саммитте аса маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Бірінші кезекте Астана декларациясы мен ШЫҰ декларациясы қабылданады. Бұл ретте Қазақстанның өзге де бастамаларын атап өту керек. Ол «Әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірігу» бастамасы. Дәл осы идея Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жылының негізгі қорытындысы ретінде қаралуы тиіс деп санаймын.