Қазақстандықтар зияткерлік меншік құқықтарын жиі тіркей бастады

Қазақстандықтар зияткерлік меншігін жиі тіркей бастады. Мәселен, былтыр елімізде тиісті қызметке  бұндай өтініштер 2022 жылмен салыстырғанда 50% көп түскен. Яғни, бұл бағыттағы құқығын қорғауға қатысты 13 жарым мыңнан астам құжат қабылданды.  Ал биылдың алғашқы төрт айында осы көрсеткіш тағы шамамен 30% өскен. Бұл туралы «Silk Way» арнасына берген сұхбатында Ұлттық зияткерлік меншік институтының басшысы Ербол Оспанов айтты. Әділет министрлігіне қарасты ұйым басшысының айтуынша, соңғы жылдары елімізде географиялық көрсеткіштерді насихаттауға басымдық берілуде. Бұл ретте айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап республикада оларға ресми түрде патент алуға болады. Мұндай тіркеуден барлығы 6 нысан өтті. Оның ішінде Арал сабыны, Қызылорда күріші, Талғар алмұрты мен Нарынқол картобы сынды өнім түрлері бар

Ербол Оспанов, ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» директоры:

-Ол не үшін қажет? Мемлекет басшысы қазақстандық өнімдерді, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ілгерілету және ел аймақтарын әлемдік нарықта таныту мен ұлттық брендті насихаттау, сондай-ақ бұл бағыттағы инвестициялық әлеует пен тартымдылықты арттыру арқылы жер жаһан Қазақстан жайлы көбірек біліп, отандық өнімге деген сұранысты еселеу бойынша міндеттер қойды. Сондықтан әр өңірдің бай тарихы, төл салт-дәстүрі мен мол өнімдеріне қатысты түрлі  құқықтық іс-шаралар жүргізіп, насихаттаймыз. Яғни, әр өңір бізге бірегей өнімдерін ұсына алады.