Қазақстан тарихынан сыр шертетін, бұрын-соңды белгісіз болған кітаптар мен
аса құнды қолжазбалар Ұлыбританиядан табылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар
ұлттық орталығының мамандары 15 қолжазба, 500-ге жуық архив құжаттарын анықтады.
Олардың арасында ежелгі түркі ғалымдарының ғылыми еңбектері және әлемнің екінші
ұстазы – Әбу насыр Әл-Фараби туралы мәліметтер бар.
Жандос Болдықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық
орталығының директоры:
-Біз 4 мекемеде жұмыс істедік. Ол: Манчестердегі – Джон
Райлендс кітапханасы, Оксфордтағы – Бодлиан кітапханасы және Лондон қаласындағы
Британияның Ұлттық кітапханасы және Ұлттық архивінде жұмыс істедік. Енді біз
оның барлығын қазір аударып, түптеп, түгендеп, қазір баспаға береміз.
Манчестер қаласынан табылған қасиетті Құран кітабы, сондай-ақ Оксфордтың
Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид
Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі мамандардың ерекше назарын
аударды. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы патшалардың, Мұхаммед пен
халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Аталған
қолжазбаның үзінділерін Бартольд өз еңбектерінде қолданған.
Алмат Абсалықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық
орталығының бас сарапшысы:
-Құран-Кәрім Манчестерде сақталған. Джон Ройлендс
кітапханасында сақталған Құран. Оның ерекшелігі – ең алғашқы түркі тіліне
аударылған, Қарахан хандығы кезінде жазылған Құран. Шамамен, 10-12 ғасырда
жазылған Құран. Түркі тілінде. Содан кейін Гардези кітабы - «Зейн әл-ахбар». Ол
11 ғасырда жазылған. Жалпы, әлемде бір түпнұсқа сақталған. Енді біз тек қана
Бартольд арқылы ол кітапты білеміз. Енді ол еңбекті бізге қазір зерттеу керек.
Кейін оны дерек ретінде ғылыми айналымға енгізіп, пайдалануға болады.