Қ. Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Қ. Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады. Қазақстан Президенті осыдан тура 35 жыл бұрын дәл осы күні Егемендік туралы декларацияның қабылдануы сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрімізді қайта жаңғыртқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжат бізді жер жүзіне егемен мемлекет ретінде тантқанын тілге тиек етті. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Ал, соңғы жылдары елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды қадамдар жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады.

Ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріліп келеді. Әсіресе, көлік саласы стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытылып жатыр. Биыл елде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды.  

Отандық өндіріс саласының өсімі жыл басынан бері 7,5% жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40% жақындады. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Құрылыс саласы да көш басында. Өткен жылдың өзінде 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды.

Келесі стратегиялық міндет – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Президент жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс екенін баса айтты. Бүгін Мемлекет басшысы реформалардың мән-маңызына да жіті тоқталып өтті. Осы ретте жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді қамтиды. Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санайтынын айтты. Салтанатты іс-шара соңында Мемлекет басшысы еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар қазақстандықтарды марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?