Әуе кеңістігіндегі Қытай туы түстес жолақтар, салтанатты сап түзеу. Ақорда елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасын осылай қарсы алды. Си Цзиньпиннің кортежін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кеңес өткізді. Президент барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығының жай-күйін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары Мәртебелі Төраға, осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді.
Өз кезегінде Қытай Төрағасы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.
Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:
– Ежелгі «Жібек жолынан» тамыр тартатын елдеріміздің достығы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келеді. Дипломатиялық қатынастар орнаған 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық нәтижесінде екіжақты байланыстарымыз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді. Оның арқауы – мәңгілік достық, өзара сенім мен ынтымақтастық. Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейімділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бірқатар нысанның салтанатты ашылу рәсіміне және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режимінде қатысты.