БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі: Қазақстан биологиялық қаруды бақылауға алуға шақырды

Қазақстан әлем елдерін биоқауіпсіздік саласында ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстан өкілі Мағжан Ілиясов заманауи технологиялардың үздіксіз дамуы қауіп тудыратынын сөз етті. Оның айтуынша, осы күнге аталмыш мәселеге жауап беретін толыққанды ұйым жоқ, сондай-ақ оны тексеру тетіктері жоқ. Ал биологиялық қару жаппай қырып-жоятын құрал ретінде қала беруде. Сондықтан да қазір тез дамып келе жатқан технологияларды бақылауға алатын мамандандырылған орган құру аса қажет.

«Қазіргі таңда биологиялық қаруды бақылау мәселелері 1972 жылғы биологиялық қару туралы Конвенциямен реттеледі. Бұл құжат шамамен 50 жыл бұрын қабылданған және содан бері оның маңызы мен мазмұны өзгермеді. Бүгінгі күні бекітілген тексеру тетіктері бар биологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жауап беретін ұйым жоқ. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тікелей есеп беретін мамандандырылған орган – халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынды», – деді Мағжан Ілиясов.