Қазақстан
Кипрмен қылмыстық әрі құқықтық салада екі жақты келісім бекітті. Мәжіліс
тараптардың құзыретті органдары арасында жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру тәртібін
реттейтін шартты қабылдады. Құжатқа сай соттың үкімін орындаудан жалтарған
адамның әрекеті екі елде де қылмыстық санатқа жатқызылуы тиіс. Сондай-ақ іздеудегі
адамға кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы қажет. Бұдан
бөлек, бұл шартта уақытша қамауға алу мерзімін, беру тәртібін айқындайтын
бірқатар рәсімдік мәселелер қамтылған.
Әсет Шындалиев, ҚР
Бас прокурорының орынбасары:
- Кипр бізден өз
аумағынан тыс жерде қылмыс жасаған адамды беруді сұратуы мүмкін. Ондай жағдайда
адам беріледі. Алайда, оның әрекеті бізде қылмыс болып танылуы тиіс. Біздің
Конституциямыз өз азаматтарымызды еліміз жасаған халықаралық шарттарда өзгеше
белгіленбесе шет мемлекетке беруге рұқсат етпейді. Конституцияның бұл талабы
ұсынылып отырған шартта ескерілген. Шарт бойынша біз өз азаматымызды бермейміз.
Сонымен қатар шартта беруден бас тартатын тағы да 12 негіз қарастырылған.
Қазіргі таңда Қазақстанның қылмыстық істер бойынша ұстап беру бағытында басқа елдермен осындай 21 келісімі бар. Жалпы еліміз бүгінде қылмыстық әрі құқықтық салада 34 мемлекетпен 73 екіжақты келісім бекітті. Оның ішінде Еуропадағы 16 елмен 35 шарт жасалды. Әсет Шындалиев бұндай келісімдер жасау барысында туристік, сауда-экономикалық қатынастар дамыған елдерге басымдық берілетінін атап өтті. Соңғы шарт жасасқан Кипрмен қазір өзара тауар айналым 200 млн долларды құрайды. Соңғы 15 жылда бұл ел біздің экономикамызға АҚШ валютасында 3 млрд көлемінде тікелей инвестиция құйған.