Шетелдік инвесторларға арайы «ашық есік» саясаты Қазақстан үшін стратегиялық басымдық болып қала береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет алдағы уақытта да серіктестер мен экономикамыздың дамуына инвестиция салуға дайын тұлғалар алдындағы міндеттемелер мен кепілдіктерін толық орындайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қаңтар оқиғасы инвесторлар үшін белгілі бір дәрежеде жайсыздық тудырғанын байқаймыз. Сондықтан инвестициялық саясатымыздың алдағы бағыттарын нақтылап айтып өткім келеді. Қаңтар дағдарысы нарықтық экономика, заң үстемдігі, халықаралық және ішкі міндеттемелерді сақтауға деген бейімділігімізге еш әсер еткен жоқ. Керісінше бұл одан әрі жетілдіруге тың серпін берді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта 90-шы жылдардағыдай трансформация жүріп жатыр. Еліміздің жаңа бағытының іргелі негізі ешбір ерекшеліксіз, барлығына ортақ болатын заң үстемдігі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұдан былай экономикалық реформалардың басты міндеті – ішкі жалпы өнім өсімінің абстрактілі сандары мен әлемдік рейтингтерден орын алуы емес, халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Әрине, бұл мақсатқа кәсіпкерлердің жаңа шоғырын қалыптастырмай, жоғары сапалы инвестиция тартпай қол жеткізу мүмкін емес. «Фаворитизмді, элитаның ерекше мүдделері мен артықшылықтарын, сыбайлас жемқорлық пен олигополияны жоямыз» деген халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады.