Қазақстанның Ұлттық сауда-тарату желісі Еуразиялық сауда жүйесінің бір бөлігіне айналады. Жобаны іске асыруға негізгі қатысушы ретінде Еуразиялық даму банкі тартылмақ. Бұл жөнінде елдің Сауда және интеграция министрлігінің отырысында Халықаралық қаржы институты төрағасының орынбасары Амангелді Исенов мәлім етті. Оның айтуынша, қазір жобаның тұжырымдамасы құрылып жатыр. Оған бірыңғай экономикалық одаққа мүше елдермен қатар Тәжікстан мен Өзбекстан атсалысуда.
Амангелді Исенов, ЕАДБ төрағасының орынбасары:
- Ең алдымен, әрине, Қаржы институты ретінде Ұлттық сауда-тарату желісінің құрылуына қатысты әр кезеңдерді қаржыландыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ жүйені іске қосуға қажетті болатын түрлі зерттеу жұмыстарын техникалық тұрғыдан қолдау көрсетеміз. Оған желіде тауарларды бөлшектеп үйлестіру үшін Қазақстанда орталықтар құру және шекаралық инфроқұрылымды жетілдіру қамтылған. Сауда және интеграция министрлігінің техникалық тапсырмалары және талаптары мақұлданды. Ендігі кезекте бұл бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісіп, оны мерзімінде тапсыру керек.
Мамандардың айтуынша, Ұлттық сауда-тарату желісінің құрылуы бағаларды тұрақтандыруға, сауда инфрақұрылымын жетілдіруге және экспорттың жаңа арналарын ашуға серпін бермек.
Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде 600-ге тарта белсенді экспорттаушы бар. Алдағы үш-төрт жылда олардың қатарын мыңға дейін жеткізу мезеленген. Жоспарды орындау үшін шикізаттық емес өнімдердің экспортын ұлғайтуға қатысты кешенді шаралар қолға алынған.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Биылдан бастап экспорттық акселерация бағдарламасы іске қосылып, жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық тамақ, химия, машина жасау және жеңіл өнеркәсіптер белсенді қатысуда. Оның аясында жыл соңына дейін жаңа кәсіпорындар сыртқы нарыққа шығып алғашқы экспорттық келісімдер жасайды деп күтілуде. Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілді. Оны іске асыру үшін бізге 49 халықаралық келісім мен 219 акт құру қажет. Қазір Мысыр, Үндістан, Израильмен еркін сауда аймақтарын құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов