Мәселен, Қытай кәсіпкерлері «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағында жаңа кәсіпорын ашпақ. Еліміздің ауылшаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, аспан асты елінің іскерлері ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салмақ ниетте. Жоба құны 20 млн долларға бағаланып отыр. Кәсіпорынды 2024 жылы іске қосу көзделген, дегенмен тамшылату жүйесінің өндіріс желісін биылдан бастап жолға қояды. Ал неміс елінің инвесторы «Ақтау» теңіз порты экономикалық аймағында кәсіпорын ашпақ. Маңғыстау облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда өртке қарсы құралдар шығарылады. Болашақ кәсіпорынға 2 гектар жер телімі бөлінді. Инвестицияның жобалық құны - 2 млрд теңге. Ол іске қосылғанда жылына 20 мың тоннаға дейін отқа төзімді бетон шығаруға қауқарлы болмақ.