Қазақстанда өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 22% артты. Бұл жөнінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Сапархан Омаровтың дерегінше, былтыр жалпы көлемі 1,3 млрд долларды құрайтын қайта өңделген отандық өнім сырт елдерге шығарылды. Сондай-ақ өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар ағыны 15% көбейіп, 677 млрд теңгеден асқан. Астықты елдің бастыратын бидай тұқымының сапасы жоғарылап, жайылымда жүрген төрт түліктің басы да біршама өскен. Есесіне тамақ өнімдерінің өндірісі дами түсті. Жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 5,7% артып, 6,3 трлн теңгені құрады. «Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ең үлкен көрсеткіш», – дейді министр. Саланың жетістіктерін еселеу қамында министрлік «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» және «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» әзірледі.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Олардың негізгі мақсаттары, бірінші, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Екінші, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен 80% деңгейінде көбейту. Үшінші, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту. Төртінші, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйе қалыптастыру. Жалпы жоспарланған іс-шаралар алдағы бес жылда салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 1 млн адамның табысын арттырады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов