Қазақстан Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты
одан әрі арттыруға ниетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым президенті
Ненада Лаловичпен кездесу барысында мәлімдеді. Мемлекет басшысы күрестің халықаралық спорт аренасындағы еліміздің беделін нығайтуда
айтарлықтай рөлге ие екенін айтты. Сонымен қатар, әлемдік турнирлерде табысты
өнер көрсетіп жүрген отандық балуандардың жетістіктерін жоғары бағалады. Өз
кезегінде Халықаралық күрес федерациясының президенті ұлттық күрес мектебінің
зор табыстарына тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандықтардың дені сау ұлт
қалыптастыруға ұмтылысы спорт пен басқа да салаларда жоғары нәтижеге қол
жеткізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, тараптар әңгімелесу барысында инфрақұрылымды
жетілдіру, даярлықтың озық әдістерін енгізу және елімізде халықаралық
турнирлерді өткізу әлеуетін талқылады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстанда күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Ненада Лаловичті II дәрежелі
«Достық» орденімен марапаттады.

