Ел Конституциясына 30-дан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылданады. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен реформаларда көзделген еліміздегі жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуы туралы айтты. Оның сөзінше, ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру мақсатында ведомство негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізбек. Олар елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру және дағдарысқа қарсы шаралар. Ал елімізде жаңадан үш облыстың пайда болуына байланысты басқарма арнайы жол картасын жасап, қажетті шаралар жоспарын құрмақ. Сонымен қатар министр дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың жұмысына тоқталып өтті.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды бастады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген әрбір тапсырмасын толық әрі жедел пысықтайтын болады. Жолдауды тиімді іске асыру үшін министрліктің жұмысы бюрократияны болдырмау және нәтижеге бағдарлану қағидаттарында жүргізілетін болады.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауапты органдарға дағдарысқа қарсы жоспарды 25 наурызға дейін енгізуді тапсырды. Іс-шаралар экономиканы қолдауға, инфляцияны бақылауға, валюта нарығын тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуы тиіс. Премьер-Министр өңірлерді дамыту міндеттеріне де тоқталды. Осыған байланысты Үкіметке қаржыландыру тәртібін түбегейлі қайта қарауды, ондағы мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету мәселесін пысықтауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы елімізді қарқынды түрде дамыту, экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөнінде аса ауқымды міндеттер қойды. Әріптестер! Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз. Сондықтан осы іске аса жауапкершілікпен шұғыл кірісуді тапсырамын.
Авторы: Гүлбану Тәжібек