Қ.Тоқаев ғалымдарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Қ.Тоқаев ғалымдарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы қазақстандық ғалымдарды құттықтады. Салтанатты шара бүгін Ақордада өтті. Қазақстан Президенті прогресс дәуірінде ғылыми капиталдың кез келген елдің халықаралық аренадағы беделінің басты өлшеміне айналғанын атап өтті. Сондықтан саланы жүйелі қолдау жалғасады. Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі алты есе өсті. Елімізде зерттеу университеттерінің саны артып келеді. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі беріледі. Жас ғалымдарға қолайлы жағдай жасалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті


- Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Мемлекет басшысы ғылыми әлеуетті тиімді пайдалануға да назар аударды. Ғалымдардың барлық жаңалықтары нақты нәтиже беріп, өндіріске енгізілуі тиіс. Үкімет бұл үдерісті назардан тыс қалдырмауы тиіс, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазірдің өзінде қ азақстандық ғалымдар іргелі жаңалықтар ашып, отандық университеттер технологиялық хабқа айналуда. Былтыр Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Ол донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Енді білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті


- Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз. Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.

Айта кетейік, ғылымды дамыту жаңа Конституция басымдықтарының бірі ретінде бекітіледі. Жаңашылдық жолында өткеннің өнегесін ұмытпаған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдар Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фараби еңбектерін зерделеу қажеттігін атап өтті. Олардың құрметіне Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар - «Әл-Фараби» және «Қожа Ахмет Яссауи» ордендері пайда болады. Бұл марапаттар білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. Республика күні қарсаңында алғаш рет «Мейірім», «Қожа Ахмед Яссауи» және «Әл-Фараби» ордендері тапсырылатын болады. Бүгін Президенттің қолынан зерттеушілер, профессорлар, әзірлеушілер жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал дарынды жас ғалымдарға кәсіби мереке қарсаңында пәтер кілті табыс етілді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?