Самарқанда түркі әлемінің тарихшылары бас қосты

Түбі бір Түркі әлемі рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Оның қайнар көзі Ұлы дала өркениетінің бабалар мұрасы. Ендігі кезекте ортақ құндылықтарды заман ағымына сай өркендете түсу міндеті тұр. Мұның қамында бір мүддеге ұйып, бауырлас елдердің тамыры терең тартқан тарихын түгендеп жүрген жандар Өзбекстанда бас қосып, пікір алмасты, тәжірибе бөлісіп бірлескен игі бастамалар әлеуетін талқылады. Жалпы келелі кеңес 35 елдің 300-ден астам ғалымын жиды. 

Өзбек ағайындардың «Ұлы бабалар мұрасы – үшінші Қайта өрлеу дәуірінің негізі» деген үндеуіне түркі әлемі түгел жұмылды. 

Сұлтан Раев, Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы:

– Түбі бір Түркі елдерінің ренесансы бірінші кезекте – біздің достығымыз бен біртуғандығымыздан, мәдениетіміз бен тіліміз, дінімізден басталады.  Осы мәселелерді бірігіп интеграцияламай, қайта өрлеуге жол ашу мүмкін емес. Сондықтан біздің Президенттердің осы бағытта қолға алған  шешімдері өзекті әрі орынды деп айтар едім. Астанадағы түркі мемлекеттерінің саммитінде Президент Тоқаев түркі ғасырының келгенін айтты. Бұл бекер айтылған сөз емес. Себебі қазір түркі дүниесі ғылымының ғасыры. 

Осы күндері Ташкент пен Самарқанға ат басын бұрған әр ғалым халықаралық Конгресс мінберінен іргелі зерттеулері мен тың жобаларын паш етті. Қазақ ғалымдары да мыңжылдықтар қаптарындағы сыры толық  ашылмаған бірегей еңбектерін таныстырды. Әріптестіктің жаңа бағыттарын ұсынды.

Гүлшат Абикова, ҚР ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен  қолжазбалар қызметінің жетекшісі:

– Ұлттық кітапхананың сирек қорында онға тарта әр ғасырларға жататын Әлішер Науаидің қолжазба нұсқалары бар. Сонымен бірге Санкт-Петербург, Қазан, Ташкент баспаларында басылған литография нұсқалары да 20-ға тарта сақталған. Қазақстан кітапханаларында сақтаулы Әлішер Науаидің қолжазбалары мен көне кітаптары Ресей ғалымдары тарапынан да, өзбек ғалымдары тарапынан жасалған ешбір каталогқа кірмеген екен. Мұның бірегейлігі сонда болып тұр. 

Жомарт Жеңіс, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары:

– Институтымызда осы уақытқа дейін басқа тілдерге аударылмаған парсы тілінде бірнеше қолжазбалар, Орталық Азия елдері халықтарына қатысты архивтік материалдар бар. Бұдан өзге Орталық Азияда діни орындар, қасиетті жерлер және сәулет ескерткіштері бар. Сол туралы да мәлімет бере аламыз. Бірігіп реставрация жұмыстарымен айналысуға болады. 

Жалпы конгресс ясында түркі әлемінің мәдени және рухани мұрасын қайта өркендетуге қатысты 35 шақты меморандум жасалды. Сонымен қатар, 150-ге жуық бірлескен жоба қабылданды. Оларды жүзеге асыру үшін әлем бойынша мыңға тарта ғалым жұмылмақ.