Еуропа тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштамен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағының арасындағы байланыстарды нығайтудың әлеуеті талқыланды. Мемлекет басшысы аталған кәрі құрлық ұйымымен, соның ішінде Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы қарым-қатынастардың даму қарқынына оң баға берді. Сондай-ақ, сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика мен цифрлық трансформация салаларындағы байланыстарды тереңдету маңызын атап өтті. Қазақстан Президенті Антониу Коштаны елімізге сапармен келуге шақырды.

