Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастықты кеңейтуде

Инвестициялар, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект. Қазақстан мен Мажарстанның осы салалардағы өзара ынтымақтастығы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда жүргізген келіссөздерде талқыланды. Мажарстан Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен елеулі әлеуеті бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің бұл алғашқы ресми сапарыңыз ынтымақтастығымызды нығайту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Мажарстан – біздің егемендігімізді алғаш мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямызды қабылдаған бірінші еуропалық қала. Сондықтан Сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін.

Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 млн доллар шамасында болды. Ал биылғы сегіз айда өзара сауда-саттық 22% өскен. Мақсат арадағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізу. Қазақстан Президентінің былтыр Мажарстанға мемлекеттік сапарынан кейін қарым-қатынас үлкен серпін алды. Сол кезде бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазақстан экономикасына 400 млн долларға жуық инвестиция салған 35 аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте, энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қарым-қатынастарының өзегі деп атады. Жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқиды. Президент сонымен қатар,  отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақстанмен қарым-қатынас стратегиялық маңызды деп санайтынын атап өтті.

Тамаш Шуйок, Мажарстан Президенті:

- Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президентінің елдеріміз арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, оны 1-дәрежелі Достық орденімен марапаттады. Өз кезегінде Тамаш Шуйок көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, әрқашан қазақ-мажар достығына қолдау көрсететінін жеткізді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?