Қазақстандағы Арал теңізінің құрғаған табанына тұқым себу жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп келеді. Дегенмен, агродрондар көмегімен шөлге төзімді өсімдік отырғызу бастамасы алғаш рет қолға алынып отыр. Мамандардың айтуынша әуеден тұқым себудің тиімділігі өте зор. Ең бастысы, артық жұмыс күшін қажет етпейді. Әрі өнімділікке де өзгеріс әкелмек. Биылғы меже 100 мың гектар аумаққа - әуеден тұқым себу.
Руслан Ахметов – «Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ» Алматы филиалының директоры:
- Арал теңізінің кепкен жеріне фитомелиоративті өсімдіктерді өсіру жоспарда бар. Осы мақсатта агродронды сынап көріп жатырмыз. Бұл құрылғы 50 келідей салмақ көтере алады. Біз тоғай-бұталардың тұқымдарын агродронмен жайып көрдік. Тағы басқа да тұқымдарды сынап көреміз. Бұл бағдарлама 3 жылға арналған.
Паскаль Бастьен, Шетелдік компания өкілі:
- Жоба аясында 120 мың гектар алқапқа галофитті өсімдіктердің тұқымы себіліп, бүгінде 16 мың гектар алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызу басталды. Жоба біріншіден өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден әлеуметтік маңызы да ерекше. Яғни, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр.
Мемлекет басшысы 2021 жылы бес жылда теңіз ұлтанындағы 1 миллион 100 мың гектар жерге, шөлге төзімді өсімдіктер егуді тапсырған. Қазірге дейін 780 мың гектарға мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Әзірге межелі міндет 71 пайызға орындалып отыр. Енді мамандар тың тәсіл арқылы жұмысты одан әрі ширата түспек.

