Қазақстан Президенті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен биыл 5 айдағы нәтижелері туралы есебін тыңдады. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалуда. 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге шамамен 6 трлн теңге жұмсалды. Биылғы бес айда бұл көрсеткіш екі жарым трлн теңгеден асты. Жалпы елімізде 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл тұрақты жұмыс орындарының санын 3 млн дейін жеткізу міндеті тұр. Жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында Маңғыстау және Павлодар облыстарында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» пилоттық режимін іске қосу жоспарланған. Мемлекет басшысы саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамының құқығын қорғау жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді. Президенттің айтуынша, қабылданған шаралардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Азаматтарды жұмыспен қамту бағытында нақты нәтижелер
бар. 201 мыңнан астам адам, соның ішінде 75 мыңдай жас жұмыспен қамтылып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыста цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін
кеңінен еңгізу көзделуде. Еңбек қатынастары
цифрландырылып келеді. Бүгінде 6,7 млн еңбек шарты электрондық форматта
рәсімделген. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту, жарақаттану мен жазатайым
оқиғалардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

