Қазақстан Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу
бойынша көшбасшы елдер қатарында. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, әлем
бойынша орта есеппен алға қойылған міндеттердің 18%-ға жуығы жүзеге асырылса,
Қазақстанның көрсеткіштері 40%-дан жоғары. Мұндай мәліметтер Астанада өткен
«Еуразиядағы орнықты даму» атты жоғары деңгейдегі екінші халықаралық
конференцияда айтылды. Форумға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар,
халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысып, 2030 жылдан кейінгі жаңа
жаһандық күн тәртібін талқылады. Жиында энергетикалық қауіпсіздік, климаттық
сын-қатерлер және су ресурстарын сақтау мәселелерін шешудегі Еуразия
мемлекеттерінің рөлі сараланды. Қатысушылардың пікірінше, Орнықты даму
мақсаттарын қайта қарастыру таяу жылдардың негізгі жаһандық процестерінің
біріне айналады және өңірдің барлық мемлекеттерінің белсенді қатысуын талап
етеді.
Игорь Юргенс, Мәскеу мемлекеттік
халықаралық қатынастар институты Орнықты даму орталығының директоры:
- Қазіргі мақсаттар осы ғасырдың
басында қалыптасқан, олар 2030 жылға дейін әрекет етеді, кейін осы мақсаттарды
қайта қарау қажет. Бұл маңызды ұлттық және халықаралық бағдарлама болмақ. Ресми
қайта қарау процесі 2027 жылы басталады, консультациялар үш жылға жалғасады,
сондықтан біз Қазақстандағы осы екінші жоғары деңгейдегі форумдардың алдында
тұрмыз, біз жалпы әлемде болып жатқан көптеген оқиғаларды алдын ала болжап
отырмыз. Бұл өте өршіл әрі пайдалы мақсаттар.
Сарапшылар Қазақстанның орнықты дамудың болашақ күн тәртібін қалыптастыруға қосар үлесі тек арта бермек дейді. Келер жылы жаңа мақсаттарды анықтау бойынша халықаралық консультациялар басталады. Әлем елдері алдында халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағдарын әзірлеу міндеті тұр, бұл істе, әсіресе, жасанды интеллект технологияларын және салаларды цифрландыруды ескеру қажет.
Лукаш Паризек, Словакияның EXPO
2027 көрмесіндегі бас комиссары:
- Біз ортақ диалог жүргізіп келеміз,
мен ең бастысы осы деп айтар едім, өйткені бүгінде әлем өте күрделі жағдайда,
қауіпсіздік тұрғысынан да, экономика, оны дамыту, түрлендіру тұрғысынан да
қиындықтар орын алып, қайшылықтар ұшырасады. Әрине, AI енгізу барлық салаларда,
соның ішінде орнықты даму мәселелері бойынша да жүргізіліп жатыр. Әрине, AI осы
мақсаттарды толтырудың құралы ретінде бізге үлкен көмек болар еді, бірақ шын
мәнінде соңғы шешім бізге, мемлекеттердің басшылығына тиесілі, сондықтан бұл
алаңдар болашақ үшін өте үлкен маңызға ие.

