Біріккен ұлттар ұйымы реформалауды қажет етеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Доха форумының панельдік сессиясы барысында мәлімдеді. «Диалог, дипломатия және алуантүрлілік» тақырыбында өткен іс-шараға Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейман ретінде қатысты. Мемлекет басшысы халықаралық ұйымның тиімді қызметінің маңызы мен орта державалардың уақыт өткен сайын артып келе жатқан рөлі туралы айтты. Президент ірі державалар арасында ымыраластық болуы керектігіне назар аударды. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік саудадағы қайшылықтарға қатысты көзқарасын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясатына, еліміздің дамуындағы жастардың рөліне қатысты мәселелер бойынша да өз ұстанымын білдірді.
Әсел Күшенғалиева

