Қазақстандықтар Қатарда ресми түрде жұмыс істей алады. Сенат бұған заңды түрде мүмкіндік беретін қос елдің үкіметтері арасындағы келісімді мақұлдады. Бұл құжат Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді. Аталған елде еңбек ету үшін алдымен қатарлық жұмыс берушінің өтінімі қажет. Онда біліктілік талаптары, еңбек жағдайлары, шарттың ұзақтығы сынды мәліметтер көрсетіледі. Қазақстандық тарап осының негізінде үміткерлерді жинайды. Бұл жөнінде электронды еңбек биржасы арқылы хабардар етеді. Кандидаттың құқықтарын айқындайды. Кейін барып тараптар арасында еңбек шарты жасалады. Бұл ретте, қатарлық жұмыс берушісі үлгілік еңбек шартына қандай да бір өзгерістер енгізуге құқылы емес екенін айта кеткен жөн.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Атап айтқанда, Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін жерлестеріміздің жол мен баспана шығындары шақырушы тарап есебінен өтелетін болады. Сондай-ақ, еңбек демалысымен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктеледі. Жалпы заң Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз.
Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңаша есептеледі
Отырыста сенаторлар Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны
белгілеу туралы конвенцияны мақұлдады. Енді оны есептеу кезінде мемлекет
қызметкерлердің нақты қажеттіліктерін ескеруге міндетті болады. Оның ішіне -
өмір сүру деңгейі, өнімдер мен қызметтердің құны кіреді. Бұдан былай, ең
төменгі жалақының мөлшерін айқындау үрдісіне үкіметпен қатар, жұмысшылардың
өздері және жұмыс берушілер де қатысады.

