Жаңа Қазақстан – тың реформалар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қазақстандықтардың әлеуметтік желілерінде жұртшылық арасында тарап, қызу пікірталас тудыруда. Реформалар республиканың бүкіл саяси жүйесіне дерлік әсер етті. Президенттің айтуынша, заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақытты алатын күрделі жұмыс. Ата Заңның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізіледі. Жыл соңына дейін 20-дан астам жаңа заң қабылдануы тиіс. «Дегенмен мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсысымыз өзгеруіміз керек», – деп атап көрсетті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады. Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Ең басты құндылығымыз тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.
Бүгінгі қабылданған шешімдердің ауқымы туралы айтатын болсақ, бір маңызды факторды ерекше атап өтуге болады: суперпрезиденттік басқару формасының дәуірі аяқталып, оның орнын күшті Парламенті бар президенттік республика басады. Мемлекет басшысы Президенттiң өз өкiлеттiгi мерзiмiнде партия мүшелiгiнен шығу мiндетiн заңмен бекiтудi ұсынып отыр. Бұл норма оның ойынша, саяси бәсекелестікті арттырады, яғни барлық партия даму үшін тең жағдай алады. Сенатта да президенттік квота қысқартылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл дұрыс емес, бұдан біртіндеп бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ Президентті тым көп өкілеттігінен айыру, еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.
Елімізге түбегейлі реформа қажет, олай болмаған жағдайда республика тоқырауға ұшырайды. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі. Сондай-ақ ол қаңтар оқиғасынан кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетіп, аяғын аңдап басатын болады» деген қате ойға бой алдырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір алға қойған мақсаттан тайынар кез емес. Қасым-Жомарт Тоқаев өмірдің барлық саласында жүйелі қайта құрулар жеделдетіледі деп сендірді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева