Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Американың бизнес өкілдерімен
кездесуде Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары
туралы айтты. Мемлекет басшысы Құрама Штаттарды маңызды стратегиялық серіктес
деп атап, көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады. Тараптардың
өзара әріптестік әлеуеті зор. Бұған жоғары деңгейдегі байланыстар дәлел.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме
жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың
прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия
мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі
рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол
жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің
бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде.
АҚШ соңғы жылдары Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам қаржы құйды. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Орталық Азия өңіріне Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ынтымақтастық тың серпін бере алатынын жеткізді. Әрине, ең алдымен энергетикалық секторға басымдық берілмек. Мұнай кен орындарын дамыту, геологиялық барлау, уран өндіру мен өңдеу де назарсыз қалмауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз.
Сирек кездесетін шикізат материалдары да басымдыққа ие. Оның үстіне,
тау-кен саласында ашық әрі мазмұнды заңдардың арқасында барлық жағдайлар
жасалған. Мемлекет басшысы көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен және
цифрлық сектордағы кең мүмкіндіктерге тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев адами әлеуетті
дамытуды тағы бір басымдық ретінде атады. Бүгінде елімізде
Аризона, Дьюк, Пенсильвания және Миннесота университеттері сынды 33 жетекші
шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы ашылды. Қазақстан Президенті америкалық
университеттерімен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді
ұсынды.

