Транскаспий
халықаралық көлік бағытын дамытуда Қазақстан мен Әзербайжанның үлесі басым. Орта
дәліз арқылы өтетін жүк тасымалының жылдамдығы мен көлемі дәл осы елдерге
тікелей байланысты. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас
сарапшысы Әлішер Тастенов осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттерде
көлік саласында ғана емес, энергетика мен ауыл шаруашылығында да бірлескен жобаларды
жүзеге асырудың әлеуеті зор. Қазақстан
Әзербайжанға бидай, мұнай және алюминий экспорттауды жолға қойған. Ендігі
кезекте еліміз отандық агроөндірістік кешен өнімдерінің жеткізілімдерін ұлғайтуға
ниетті. Ал Әзербайжан біздің нарыққа күнделікті сұранысқа ие тауарлар мен кеме
жасау өнімдерін жібереді. Сарапшының пайымынша, өзара экономикалық, мәдени және
гуманитарлық байланыстарға негізделген көпжылдық достық жалпы өңір үшін берік
және стратегиялық маңызды ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.
Әлішер Тастенов, ҚР Президенті
жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Бүгінде тараптар
екі аса ірі жобаны іске асыру үшін жұмылып отыр. Екеуіде стратегиялық маңызға
ие. Алғашқысы талшықты-оптикалық байланыс желісін құруды көздейді. Яғни, әлемдік
интернет желісіне қосылудың баламалы бағыты. Екіншісі теңіз табанына электр
кабелін төсеу. Жоба Қазақстан, Әзербайжан мен Өзбекстанның энергия жүйесін
байланыстырады. Яғни, оны Еуропалық одақ елдеріне жасыл энергетиканы жеткізуге
арналған «жасыл дәліз» деуге болады.

