Астанада цифрлық экономиканың қарқынды дамуы кезеңіндегі әйелдердің іскерлік мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды. ҚХР елшілігінде өткен семинар Бейжің декларациясының 30 жылдығына арналды. Пікір алмасу алаңында БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және екіжақты ынтымақтастық аясындағы әйелдердің рөлі жайлы айтылды. Қатысушылар Қазақстан мен Қытайда ортақ үрдіс байқалады деп отыр. Соңғы жылдары екі елде де әйелдердің экономикалық белсенділігі еселеніп, кәсіпкерлік пен технологиялық секторлардағы үлесі артқан. TechnoWomen басқарма төрағасы Азиза Шужееваның айтуы бойынша, қазақстандық әйелдер Қытайдың технологиялық компаниялары және кәсіпкерлік қауымдастығымен белсенді байланыс орнатып келеді. Қазақстан әйелдері ұсынған қаржы технологиялық және e-commerce жобалары аспан асты елі мен халықаралық платформаларда танылған.
Азиза Шужеева, Technowomen коммерциялық емес ұйымының басқарма төрағасы:
- Біз биыл өз стартаптарымызбен бірнеше «Maker in China» байқауларына қатыстық. Отандасымыз Аяулым Аяғанова өз жобасы «Эдара» платформасын таныстырып, «Black Horse» номинациясының жеңімпазы атанды. Биыл біз «Invest in Hong Kong» басшылығымен бірлескен кездесулер өткіздік. Біздің әйелдер ұсынған әралуан стартаптарды таныстырдық. «Invest in Hong Kong» көмегімен біз аса жоғары деңгейлі нетворкингке қол жеткізіп, осы платформада өз стартаптарымызды ілгерлететін боламыз.
Хан Чуньлинь, Қазақстандағы ҚХР Төтенше және өкілетті елшісі:
- 1995 жылы Бейжіңде 4-ші Дүниежүзілік әйелдер ісі жөніндегі конференция ұйымдастырылып, Бейжің декларациясы және Іс-әрекет жоспары қабылданды. Бұл құжаттар әлемдегі гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі негізгі тетіктерге айналды. Өткен айда әйел құқықтарына арналған кезекті жаһандық саммит өтті. Қазіргі таңда Бейжің декларациясын жүзеге асыру үшін халықаралық әріптестікті арттырудың маңызын көріп отырмыз, бұл бағытта біздің елдеріміздің өзара байланысын арттыруға мүдделіміз.

