Қ. Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады

Қ. Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады

Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады. Динара Зәкиева Президентке бір жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, бүгінгі таңда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күшіне енген заңда көрсетілген нормаларды нақты жүзеге асыру бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізілуде. 

Атап айтқанда, «111» бірыңғай байланыс жүйесі, мектептерде буллингпен күресу үшін  КiVa бағдарламасы іске қосылды. Қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Президент балалар травматизмі мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды. 

Уәкілетті тұлғаға Бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру бойынша педагогтер мен ата-аналардың арасындағы жұмысты үйлестіру міндеті жүктелді. Соңғысы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, шығармашылық қабілетін шыңдауды көздейді.  

Динара Зәкиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл: 

- Біртұтас тәрбие бағдарламасын мектептерде енгізу үшін Оқу-ағарту министрлігімен жұмыс жүргіздік. Сондай-ақ, қамқоршылық мамандарын арттыру үшін Үкіметпен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз.