Қ.Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан, біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде журналистер тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қосып келетінін де тілге тиек етті. Ұлт пен ұлттық идеялардың жаңа сапасын қалыптастыру бұқаралық ақпарат құралдарына тікелей байланысты және олар мемлекеттік саясатты түсіндіруде ерекше рөл атқарады, - деп атап өтті Президент. Ақпарат сақшылары билік пен халық арасындағы көпір іспеттес. Олар парламентаризмнің дамуына және әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабуға елеулі үлес қосуда, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал бұқаралық ақпарат құралдары туралы қабылданған заң, мемлекет басшысының пікірінше, журналистерге бұдан да көп мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ, ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді.

Журналистердің алдында кең ауқымды міндеттер тұр. Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатқа деген ұқыпты көзқарас мәдениетін қалыптастыруға көмектесе алады. Тағы бір маңызды миссия – азаматтарды экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен хабардар ету. Президент журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауы екендігіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан, журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние. Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан сала өкілдерін мемлекеттік наградалар, сыйақылар, гранттар және алғыс хаттармен  марапаттады.