2025 жылға дейін Түркістан облысында қуаттылығы 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде қуаты 4 су және 3 күн станциялары тұрғызылады. Жоба шет ел инвесторларының қолдауымен іске асады. Олар толық қуатта іске қосылған жағдайда қажетті энергияны өндіріп қана қоймай, экспортқа шығуға да мүмкіндік туады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда күннен қуат жинау жөнінен Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді.
Роза Сариева, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаттылығы 278 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде жалпы қуаты 16 МВт болатын 8 су электр станциясы бар. Тағы 13 күн электр станциясы 262 МВт қуат өндіреді. Бұл өңірдің күндізгі қажеттілігін толығымен өтеп отыр.
Бүгінде Қазақстанда жаңғыратын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі шамамен 6% жетті. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2030 жылға қарай баламалы энергияның жалпы электр энергетикасындағы үлесін 15% жеткізу міндеті қойылды. Осы мақсатта бейінді ведомство жыл сайынғы аукционды өткізуді, сондай-ақ ауқымды жобаларды іске асыру үшін инвесторларды тартуды жоспарлап отыр.