БАӘ-не жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабидегі ірі араб компанияларының басшыларымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Соның ішінде Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу өткізді. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ тараптар цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы мұнай-газ, геологиялық барлау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты Abu Dhabi National Oil Company бас атқарушы директоры Халид Салминмен талқылады. Президент еліміздің аталған компаниямен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтті.
Ал Abu Dhabi
Ports Group бас директорымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың
перспективасы талқыланды, көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген
уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың
айтуынша, бірқатар ірі жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарлары Қазақстанның
Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі
стратегиялық мүддесіне сай келеді. Мемлекет басшысы көлік логистикасы мен
тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз
етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Abu Dhabi Ports – әлемдегі ең ірі көлік-логистикалық компаниялардың бірі. Қазақстанда ол екі бағытта жұмыс істей алады. Бірінші бағыт – Қазмұнайгазда. Яғни Каспий және Қара теңіздердегі бірлескен сауда флотын басқару. Қазіргі уақытта алты теңіз кемесі басқарылуда. Биыл бірлескен флоттағы кемелер санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Екінші бағыт - ҚТЖ компаниясымен. Abu Dhabi Ports көлік-логистикалық әлеуетті дамыту бойынша «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі, сондай-ақ Орта дәліз арқылы жұмыс істейді.
Бұдан бөлек Қазақстан
Президенті жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде нейронды желілерді ілгерілетуге берік негіз қалау
үшін маңызды қадамдар жасалып жатқанын атап өтті. Мәселен жоғары санатты маман
даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық берілген. Елімізде AlemAI озық
технологиялар орталығы құрылды. Ал білім беру саласында Al-Sana инновациялық
бағдарламасы ұсынылды.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

