2026 жылы Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 35 спортшы аттанбақ. Бұл туралы Туризм және спорт министрі мәлімдеді. Жаһандық додада Ұлттық құрама 10 спорт түрі бойынша өнер көрсетуді көздеп отыр. Атап айтқанда, биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жүлде үшін күреседі. Жалпы Миланда отандық спортшылар 58 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Қазақстан биылғы қысқы Олимпиадаға дайындық үшін 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. 13 шетелдік кеңесші тартылған. Олар мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Біз бүгінде спортшыларға барлық жағдайды жасадық. Тәжірибеден сәтті өткен әдістемелері бар білікті мамандар шақырылды. Қазір біздің құрама көшбасшы спортшылармен бірге әлемнің жетекші спорт орталықтарында дайындықтан өтіп жатыр. Медициналық, биологиялық және психологиялық тұрғыдан да барлық жағдайлар жасалған. Өткен маусымның қорытындысы бойынша әлемдік чемпионаттарда өз дәрежесін растап, жолдама алған спортшыларымыз бар.
Министр Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі жүйелі түрде дамып
келе жатқанын атап өтті. Олимпиадалық резерв даярлау және саланың тұрақты
дамуын қамтамасыз ету мақсатында спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары
жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ел аумағында қысқы спорт түрлеріне арналған мыңнан
астам спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл спорттың бұқаралық сипатын арттырып,
жастардың спортқа қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

