Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 9,5 млрд долларға дейін өсті. Ал Апеннин түбегінен елімізге құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 123 млн долларға жуықтаған. Тараптар осы көрсеткішті ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Италияның саяси және іскер топтарымен келіссөздерінің қорытындысында белгілі болды. Айта кетейік, қазірдің өзінде 200 италиялық компания мұнай-газ секторында, құрылыста, инфрақұрылымды дамытуда және энергетикада жұмыс істеуде. Сонымен қатар, еуропалық кәсіпкерлер тамақ және өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және жасыл энергетика салаларында бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық танытуда.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер Министрі:
– Италиялық компаниялар Қазақстандағы жобаларға инвестиция салған секция ерекше қызығушылық тудырды. Әсіресе геосаяси жағдайға байланысты белгілі бір қиындықтарға тап болған және өз бизнесін Ресейден басқа елдерге көшіруге ниетті компаниялар арасында аса сұранысқа ие болды. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың келешегін талқыладық және инвестициялық климат аясында ұсына алатын барлық жеңілдіктерді таныстырдық.
Роберто Луонго, Италия сауда және инвестициялық агенттігінің директоры:
– Санкциялар Италия экономикасы мен бизнесіне әсер етеді. Біздің үкімет сауда агенттіктерін қолдап, өзге нарықтарда жаңа мүмкіндіктер іздестіруде. Бұл Қазақстанға экспорттау немесе инвестиция салу мүмкіндігі бар деген сөз. Біз италиялық компаниялардың жеткізу нарықтарын әртараптандыруын қалаймыз. Осы ретте Қазақстан аса қызықты нарық.
Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудегі тағы бір маңызды қадам – Қазақстан мен Италия арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы. 12 маусымнан бастап Милан-Алматы бағытында тұрақты рейс іске қосылды. Сарапшылардың айтуынша, рейстердің коронавирустық пандемиядан кейін туризм саласын қалпына келтірудегі ықпалы зор болмақ.