Қазақстанда 2030-шы жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 5 трансшекаралық хаб ашылады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында елдің сауда және интеграция министрі мәлімдеді. Арман Шаққалиевтің дерегінше, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында шекара маңындағы сауда-экономикалық орталықтар желісін құру жұмыстары қолға алынған. Бүгінде осы барлық 5 хаб бойынша басқарушы компаниялар анықталып, техникалық құжаттамасы әзірленуде. Инженерлік және өндірістік инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар пулы қалыптасты. Сауда-логистикалық хабтардың аумағына теміржол және автомобиль жолдары жеткізілді. Бұндағы мақсат елімізді Орталық Азияның негізгі көлік-транзит торабына айналдыру.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазір транзиттік бағыттар мен
инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған орай бізге жерүсті көлік
инфрақұрылымын, өнеркәсіптік кооперация мен сауда желілерін жедел дамыту қажет.
Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу жүк қозғалысын айтарлықтай қысқартып,
өткізу қабілетін арттыруға, өндіріс көлемін, салық түсімдерін және экспортты
ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүйелі түрде қарайтын болсақ, бұл жобалар капитал
мен жаңа өндірістерді тарту орталықтарына айналады.

