Көлік, тұрақты энергетика, агробизнес, фармацевтика және цифрлық технологиялар. Мемлекет басшысы Астанадағы бизнес-форумда Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарын атады. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев болгариялық компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін зерделеуге және оның экожүйесіне қосылуға шақырды. Президент Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтетіндігін айтты. Өткен жылы Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Қазақстан мен Болгария ынтымақтастығына серпін беретін ендігі бағыттың бірі – агросектор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ауылшаруашылық өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Жыл сайын нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен екі миллион тонна ұн шығаратын Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Болгариялық серіктестерімізбен ет пен сүт өнімдерін, бал, өсімдік майын өндіруде ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Шымкент қаласында ет өңдеу ісіне инвестиция құюды көздеп отырған Lekkerbek компаниясының ниетін қолдаймыз. Бұл жоба заманауи технологиялар енгізіп, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Болгария кәсіпкерлері Қазақстанның оңтүстігінде ет өңдеу зауытын салатын болды. Олар бұл жобаға 20 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Екі елдің іскер топтары бизнес-форумда келісімге келді. Бұдан да өзге тиімді жобалар бар. Атап айтқанда, сүт өнімдерін, бал, өсімдік майларын өндіруде оңтүстік-Шығыс Еуропа елінің серіктестерімен ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл да кездейсоқ емес. Себебі Қазақстан болгарлық кәсіпкерлер үшін Орталық Азия өңірінің нарықтарына жол ашады.
Мадияр Сұлтанбек, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:
- Ірі трансұлттық компаниялар үшін 20 млн халқы бар нарық аса үлкен емес. Ал Орталық Азия туралы айтатын болсақ, бұл қазірдің өзінде 80 млн халық. Сонымен қатар, сіздер жақсы білесіздер, сауда дәліздерін дамытудың арқасында біз Таяу Шығысқа, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Оңтүстік және Еуроодақ елдеріне шығуға мүмкіндігіміз бар. Бұл инвесторлар үшін тиімді. Олар өз өнімдерін осы нарыққа шығара алады. Сондықтан шетелдік кәсіпкерлкер үшін географиялық орналасуымыз маңызды. Бұл ретте әрине біз оларға үлкен мүмкіндіктер ашып отырмыз.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстан Болгарияға металлургия және химия өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды. Бұл мыс, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдері, мырыш және алюминий. Ал Болгариядан біздің елге фармацевтика, химия және электротехника, машина жасау саласына қажетті өнімдер жеткізіледі.

