Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннаримен кездесуінде белгілі болды. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылда Финляндия Солтүстік Еуропа мемлекеттері арасында экономикамызға ең көп инвестиция құйған екінші елге айналды. Сонымен қатар Финляндияның Орталық Азия елдерімен сауда айналымының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің сауда-экономикалық, көлік-логистика және білім беру салаларындағы серіктестігін нығайту маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы фин кәсіпкерлерінің Қазақстанға құятын инвестициясын ұлғайта түсу үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, Қазақстанға сапармен келген делегация құрамында15 ірі фин компаниясының өкілдері бар.