Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер өзара «Жаңа экономикалық диалогты» дамыту тұжырымдамасына қол қойды. Бұл Пәкістан
астанасында өткен Ұйымға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің
23-ші отырысында қабылданған 8 құжаттың бірі. Бас қосуда биыл Астана саммитінің
аясында мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткен уағдаластықтарды іске асыру
шараларына назар аударылды. Сонымен қатар, түрлі бағыттарда ынтымақтастық аясын
одан әрі кеңейту жолдары қаралды. Қазақстандық тарап цифрландыру мен
онлайн-сауданы дамыту, қолданыстағы теміржол және автомобиль жолдарын жаңғырту,
энергетика және инвестиция салаларындағы өзара тиімді кооперация қажеттігін
атап өтті. Сондай-ақ, Олжас Бектенов білім беру және денсаулық сақтау жүйесі
бойынша байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталды. Айта кетейік, былтыр Қазақстанның
ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 6% өсіп, 66 млрд доллардан асып жығылды.
Жеңіс Ермұқанов