Қазақ-қытай байланыстары жоғары деңгейде, яғни арада мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік орнаған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген ҚХР Қорғаныс министрі Дун Цзюньмен кездесуінде айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, көпжақты құрылымдар аясында Қазақстан мен Аспан асты елінің өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне қатысты көзқарастары ұқсас.
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде конструктивті диалог құрып, өзара қолдау көрсетуде. Өз кезегінде Қытай Қорғаныс министрі ШЫҰ-на мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңесінің дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.