4 бірдей қазақстандық IT-стартап халықаралық венчурлық қордың Betterfuture AI акселерациялық бағдарламасына қатысу үшін таңдалды. Сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстанның әлеуетті жобалары қабылданды.
Айта кетейік, Астана хаб былтыр аталмыш қормен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасқан. Келісім отандық өнертабыс иелерін жаһандық бәсекеге қауқарлы етуге қажет тың шешімдер ұсынады. Сонымен қатар қатысушылары қаржы тартып, Орталық Азия мен Кавказдың инновациялық әлеуетіне мүдделі инвесторлардың кең желісіне ену үшін мүмкіндік алады. Яғни, бұл ауқымды жоба аймақтың қарқын алған заманауи технологиялық экожүйесін дамытуға бағытталған. Техникалық, бизнес және көшбасшылық дағдыларын қамтитын оқыту бағдарламасы 2 айға жалғасады.
Танат Өскембаев, Astana Hub басқарушы директоры:
– Биыл наурызда DOMiNO Ventures қазақстандық «GoDays» жобасына 490 мың доллар көлемінде инвестиция салды. Жақында жасанды интеллект саласындағы стартаптарды акселераторға іріктеу жүргізілді. Бұл бағдарламаға өткен заманауи әзірлемелердің басым бөлігі қазақстандық. Дәлірек айтсақ, 4 отандық стартап осы бағдарламаға өтті. Тиісінше, олар ең үздік сарапшылардан тәлімгерлік білім алады. Кейін олар өз бастамаларына кемі 250 мың доллардан бастап инвестиция тарта алады.