Халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған жұмыс жалғасады

Алдағы күндері Алматы Орталық Азия өңіріндегі маңызды экономикалық мәселелерді және оларды шешудің нақты қадамдарын талқылайтын алаңға айналады. Мегаполисте 13-15 наурыз аралығында B5+1 форматындағы форум өтеді. Оған өңірдегі мемлекеттер және АҚШ үкіметтік және ірі бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысады. Форум аясында тұғырнама іске қосылады. Бұл туралы брифинг барысында еліміздің сыртқы саяси ведомствосының ресми өкілі мәлімдеді. Айбек Смадияров тағы бірнеше салалық министрлік  басшыларының шет елдерге ресми сапарлары туралы хабарлады.

Атап айтсақ, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Арменияға, ал сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев наурыздың 18 мен 24 аралығында Қытайға барады. Аспан асты елінде қазақстандық делегация Үрімші, Чэнду және Бейжің қалаларында бірқатар Қытайдағы өңір басшылары мен жетекші компания жетекшілерімен келіссөздер жүргізеді.

Сонымен қатар сауда, инвестиция, технологиялық және ғылыми зерттеу салаларындағы өзара әріптестік мәселелерін талқылау да көзделіп отыр. Ал, Чэнду қаласында B2B форумында Қытай мен Қазақстан өкілдері бірлескен жобаларды іске қосу, әріптестікті нығайту мәселелерін талқылайды деп күтілуде.

Ал, еліміздің Сыртқы Істер Министрлігі басшысының делегациясы Арменияға сапары 17-18 наурыз аралығына жоспарланған. 

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

–  Сапар аясында мемлекет басшыларымен кездесулер болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Арменияның Сыртқы Істер Министрі Арарат Мирзоянмен келіссөздер болады деп күтілуде. Онда саясат, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян әріптестігінің көптеген мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлері екі ел ведомстволарының 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына қол қояды.