Астанада Global Businesswomen Council көшбасшы әйелдерінің саммиті өтті. Іс шара әлемдік бизнес, жаһандық корпорация өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен ұлттық компаниялар мүшелерінің басын қосты. Қатысушылар әлеуметтік инвестициялардың өзекті тәсілдерін, трансформациялық үрдістегі әйелдердің рөлін және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын талқылады. Кездесу барысында жыл сайын әйелдердің инклюзивті және тұрақты жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға қосқан үлесі артып келе жатқандығы айтылды. Олар ауыл экономикасын дамытуда негізгі рөл атқарады, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша әлеуметтік және технологиялық үрдістерге ықпал етіп келеді. Саммит қорытындысы бойынша білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект сияқты басым бағыттарды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдер мен меморандумға қол қойылды.
Кирсти Уилсон, «Baker
Mckenzie International» директорлар кеңесі төрағасының орынбасары:
- Мемлекеттің түрлі
бастамалар арқылы әлеуметтік жауапкершілікті дамытуды белсенді түрде
көтермелеуі өте маңызды. Қазақстанда осыған ұқсас көптеген қадамдар жасалып
жатыр. Дей тұрғанмен осы бағытқа әрі қарай да баса назар аудару керек. Әйелдер
Қазақстанда да, әлем бойынша да, бизнесті дамытуға атсалысып, кәсіпорындарда жетекшілік қызметке ие болу
үшін осындай мақсатты жұмысты жалғастыру қажет. Бұл жергілікті ғана емес, шын
мәнінде жаһандық мәселе.
Жәмилә Ерназарова,
«Ұмай» қоғамдастығының негізін қалаушы, кәсіпкер:
- Мен шараға қатысқаныма қуаныштымын. Мұнда қазақстандық тарап та, әйелдер ұйымдарының халықаралық көшбасшылары да өз тәжірибелерімен бөліседі. Олар Қазақстанда гендерлік теңдікті қалай тиімді енгізуге болатындығы туралы өз тәжірибелерімен бөліседі. Нәзік жандыларға, оның ішінде бизнестегі әйелдерге, өз ісін жаңа бастап жатқан жас қыздарға және басқаларға өзін-өзі дамыту бағытында кеңес береді.

