Бүгін Астанада XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан отандық
спортшылар марапатталды. Олжас Бектенов Президент атынан байрақты дода
жүлдегерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті. Аталған төрткүл дүние ойындарына
81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстанның Ұлттық құрамасы жаһандық
деңгейдегі жарыста жалпы командалық есепте 9-шы орынды иеленді. Отандық спортшылар
Токиодағы жазғы Сурдлимпиада ойындарында сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап,
8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Премьер-министр
Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі
екенін атап өтті. Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына
жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді
және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сурдо дзюдо спортшыларының жетістіктерін ерекше атап өткім келеді. Олардың
жоғары деңгейде өнер көрсетуі Қазақстанға 11 медальалып келді және Сурдлимпиада
ойындарының жарқын жетістіктерінің бірі болды. Бұл нәтижелер спортшыларды
спорттық сын-қатерлермен ойдағыдай күресуге қабілеттілігін көрсетеді. Үкімет өз
кезегінде кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау бойынша
жұмыстар жүргізуде.

