Қазақтың көне қолөнерін жаңғыртқан қарағандылық этнодизайнер сүйекке ою-өрнек салады

Қазақтың көне қолөнерін жаңғыртқан қарағандылық этнодизайнер сүйекке ою-өрнек салады

Қарағандылық Евгения Шульц сүйекке ою-өрнек салады. Ол қазақтың ежелгі қолөнерін жаңғыртқан шебер. Этнодизайнер бұрындары тек ерлердің кәсібі саналған ерекше істі қолға алған еліміздегі жалғыз әйел. Нәзік жандының қолына түскен сүйек көне тарихтан сыр шертетін ерекше дүниеге айналады. Бұл өнердің машақаты көп. Зергерлік дәлдік керек. Қиыс кетсе морт сынып немесе жарылып еңбек зая кетеді. Көшпенділердің дала мәдениетінен шабыт алған шебер бірегей бұйым жасауға бірнеше ай кететінін айтады. Евгения Шульц неміс шеберлерінен тәлім алған.  Сол жинақтаған тәжірибесін ол қазір кәдеге жаратып жатыр. Сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдарын табиғи тастармен үндестіре әрлеп, өңдейді. Кейін олармен ыдыстар, киіз үй мен жиһазды безендіреді.  

Евгения Шульц, Этнодизайнер:

- Сүйекпен жұмыс жасау өте қызықты, бірақ қажырлы еңбекті қажет етеді. Алдымен кәдімгі сүйекті алып, оны әртүрлі химиялық қоспалармен жақсылап қайнатып алу керек. Оларды дәл өлшеп, тек қажетті мөлшерде және уақытымен қосып отыру қажет. Әйтпесе барлық жұмысымыз құрдымға кетеді. Содан кейін сүйекті жақсылап кептіріп, құрғатамыз. Дайын болған кезде арнайы құрылғымен кесеміз.

Евгения он жылдан астам уақыт бойы киізден картиналар, киім үлгілері және аксессуарлар жасаумен айналысады. Суретші қазір Республика күнінде көрме өткізуге қызу дайындалып жатыр. Ол көпшілікке өзінің «Ұлы дала әнұраны» атты жұмыстар топтамасы ұсынбақ ниетте. Бірегей еңбектер көшпенділердің болмысы, тұрмыстық салты және қазақ халқының дәстүрлерінен сыр шертеді.

Дия Ержанова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Евгенияның қолымен жасалған әрбір бұйымының әдемілігі соншалық көздің жауын алады. Оның туындылары қайталанбайды. Қазақ халқының төл тарихымен тығыз байланысты. Этнодизайнердің табиғи таланты мен қиялының ұшқырылығына тәнтімін.

Оның туындылары шетелде де танымал. Сүйек пен киізден жасаған дүниелері АҚШ, Франция және Германияда сұранысқа ие. Ол келешекте шетелде жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?