Қазақстанда қуаты 1 гигаватт жел электр станциясы
салынады. Бұл - бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі нысан. Жалпы инвестиция көлемі 1
млрд доллардан асатын «Мирный» жобасын «Total Energies» француз компаниясы
жүзеге асырмақ. Нысан құрылысы Жамбыл облысында, маусым айында басталады. Әрқайсысының
қуаты шамамен 7 мегаватт болатын 150 жел турбинасы орнатылмақ. Қуаты сағатына
600 МВт энергия жинақтау жүйесі қосымша жабдықталады. Нысанды пайдалануға беру 2028
жылдың соңы немесе 2029 жылдың басына жоспарланған. Станция көмірқышқыл газын
жылына кем дегенде 3 млн тоннаға қысқартуға, сондай-ақ республиканың
оңтүстігінде электр энергиясы тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба
Қазақстан энергетикасы үшін стратегиялық мәнге ие.
Тьерри Плезан, Totalenergies Kazakhstan басқарушы
директоры:
- Біз жобалауды аяқтадық және барлық негізгі жабдықтарды
сатып алдық. Әсіресе турбиналар, қуат жинақтағыштар алынды. Қазақстанда ең
үлкен электр энергиясын жинақтаушы құрылғы орналастырылады. Одан кейін бізде
300 мегават қуатқа есептелген алып батарея іске қосылады. Бұл Қазақстанда
орнатылатын алғашқы осындай ауқымдағы батареялар. Оған 500 киловольттан 200-ден
астам желі қосылады.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазір біз Астанадағы экологиялық саммит аясында Қазақстан
аумағында мұнай мен газға негізделмеген таза энергия өндіру үшін өз шешімдерін әзірлеген
кейбір француз компанияларын ұсынып отырмыз. Бұл саммитте біз су ресурстарын
дұрыс басқаруға үлкен назар аударамыз, өйткені біз Орталық Азияда, Қазақстанда
су ресурстарының жетіспеушілігі проблемасы бар екенін білеміз.

