Қазақстандық әртістер шетелдік өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. FORTE TRIO ұжымы Франция қалаларына жасаған турнені аяқтап, елге оралды. Гастрольдік сапар барысында кәрі құрлық елінің залдары көрерменге лық толып, ине шаншар орын болмаған. Концерттік бағдарлама Лион қаласындағы аты аңызға айналған «Молиере» залында тұйықталды.
Айта кетерлігі, бұл – әйгілі сахнада өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық топ.
Мұрат Нарбеков, FORTE TRIO солисі:
- Бұл гастроль ерекше залдарымен есте қалды. Францияда таңғалдырар өзге де бірегей сахна ошақтары барына сенімдімін. Дегенмен алғашқы сапар ұмытылмастай әсер қалдырды. Мәселен, Парижде орналасқан Корто залының ерекше қасиеті барын аңғардық. Сахнаның өз жаны бар. Бұл зал жүрегімді баурап алды. Осы киелі сахнада өнер көрсету бақыты бұйырғанына қуаныштымын.
Сырт елдің сыншыл көрерменінің талғамын таба білген отандық өнерпаздар классикалық музыка майталмандарының да аса жоғары бағасына ие болды. Әуезді бағдарламамен құлақ құрышын қандырған отандастарымыз да сазды әуен құдіреті арқылы туған елге еріксіз сапар шеккендей әсерге бөлене алды. Концертте әлемдік саф өнердің үздік шығармаларымен қатар, қазақстандық сазгерлердің жауһарлы туындылары орындалды.
Тимур Орманшиев, FORTE TRIO ұжымының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Франция қауымының қызығушылығын ескеруге тырыстық. Біз олардың Батыс Еуропа классикасын, Рахманиновтың шығармаларын ұйып тыңдайтындарын ескере отырып, №1 триосын орындап бердік. Өздеріне аса жақын француздық музыканы тыңдауға да мүмкіндік жасадық. Сондықтан бағдарламаға Клод Дебюсси туындылары енді. Германия елімен шектесетін қалаларда өнер көрсеткендіктен, камералық музыканың жарқын үлгісіне айналған танымал композитор Иоганнес Брамстың шығармаларын да ұмыт қалдырмадық.
Қазақстандық шоқжұлдыз, халықаралық байқаулардың лауреаты Шолпан Манкеева да шетел көрерменінің жүрегін баурай білді. Бұл – дарын иесінің FORTE TRIO құрамындағы дебюті.
Шолпан Манкеева, халықаралық байқаулардың лауреаты:
- Өзіңді жаңа қырыңнан танып білу үшін осындай мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Себебі әрбір залдың акустикасы, өзіне ғана тән бірегей қасиеті бар. Жаңаша дыбысталудың және орындау мәнерінің өзге түрлеріне қаныға алдым. Сонымен қатар франциялық көрермен бізді жылы қабылдап, қошеметке бөледі. Мұның бәрі өнерімізді барынша таныту үшін шабыт сыйлады.
Қазақстандық өнер ұжымның гастрольдік сапарының шымылдығын жапқан қорытынды бағдарлама Франциядағы концерттік маусымның аяқталуымен тұспа-тұс келді. Сондай-ақ бұл турне Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын айшықтайтын игі шаралардың бірі болды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов