«Ұлы дала жорығы» Бәйге хан сарайынан басталады

Биыл елімізде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі атақты Құлагердің тұяғы тиген аққайыңдар өлкесі Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алады. Басталу нүктесі ретінде Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешен-резиденциясы белгіленді.

Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамыр Астанада мәресіне жетеді. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды. Онда еліміздің барлық өңірінен жиналған 20 команда мен кем дегенде 15 шетелдік құрама бақ сынайды. Шетелдіктер арасында Сауд Арабиясы мен Түркия және Моңғолия мен Қырғызстан қызығушылық танытып отыр. 

Бақытжан Тұрлыбеков, «Joryq» ат спорты Федерациясының жетекшісі:

– Өздеріңізге мәлім, 5 мың жыл бұрын жылқы алғаш жылқы қолға үйретілген. Оны біз емес, Еуропаның, Американың ғалымдары дәлелдеген. Біз сол ежелгі қоныстан Астанаға дейін маршрут сызып отырмыз. Біз көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Сондықтан жаңа айтып өттік, біз сол Ботай қонысын мекендеген халықтың ұрпағымыз. Алғаш ат Қазақстанда қолға үйретілгенін мақтан етіп, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл жағынан «Ұлы дала жорығының» алатын орны ерекше деп есептелінеді.   

«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы. Биыл қазақтың Адай және Қостанай жылқы тұқымдары әлемге әйгілі Қамбар ата төлдерімен күші мен төзімділігін сынау мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығы» бірегей марафон-бәйгесінде төңірекке шаң қаптыра, оқ бойы оза шауып үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған шараның халықаралық турының лицензиясына ие болмақ.