Атырау өңіріндегі Сарайшық қаласынан көне кесененің бөлігі табылды. Тарихи нысан шамамен 15-16 ғасырға жатады. Күйдірілген кірпіштен қаланған кесененің күмбезі қираған. Бірақ оған кіріп-шығатын жабық дәліз сол қалпында сақталған. Оның ұзындығы 170, ал биіктігі 60 сантиметр. Бұл дәліздің жартылай қазылған бөлігі ғана.
Амангелді Заинов, археолог:
– Мұндай түрде салынған кесенелер Сарайшық қаласында бұрын да анықталған, бірақ олар қатты бүлінген болатын. Кесененің ерекшелігі –дромосының толық сақталуында. Осы толық сақталуына қарап, Сарайшық қаласындағы бұл типтегі кесенелердің дромосының қандай үлгіде болғандығын көре аламыз. Осындай үлгідегі кесенелерде белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленгені анық.
Археологтар қазба жұмысын үш бағытта жүргізген. Нәтижесінде бұл маңнан дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғалары да табылды.
Ерасыл Өмірбек, студент:
– Мен қазір кесененің кіреберіс дәлізінің аузында отырмын. Бұдан байқайтынымыз, бұл кесенеге сары және қызыл кірпіштер пайдаланылған. Сары кірпіштер – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіштері, ал жаңа кірпіштер ол қызыл түсті күйдіріліп жасалған кірпіштер. Бұл кесене сирек кездесетін кесенелердің бірі.
Сарайшықтан табылған тарихи мұра бұл ғана емес. Дромостың оңтүстік бөлігінде шаруашылық бөлме болғаны анықталды. Онда қыш құмыралар мен сәндік бұйымдар және орта ғасырлық Алтын орда тиындары табылған. Археологиялық нысан алдағы уақытта толыққанды зерттелмек.