Еуропалық комиссия мен Қазақстан ТХКБ үйлестіру платформасын іске қосты

Құрлықтарды жалғайтын көлік инфрақұрылымын дамыту және Орта дәліздік қатынау жүйесіне озық технологиялар ендіру. Осы арқылы Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасында барыс-келіс пен алыс-беріс жеңілдей түспек. Бұған серпін беру үшін Қазақстанның Көлік министрлігі мен Еурокомиссия ресми түрде Транскаспий халықаралық көлік бағытының үйлестіру платформасын іске қосты. Іс-шараға Орталық Азия мен Кавказ, Түркия, Әзірбайжан және ірі халықаралық қаржы ұйымдары, дәліз бойында орналасқан мемлекеттердің өкілдері қатысты. Бұл жаңа тұғырнама Орта дәлізді мультимодальды және бәсекелестік бағытқа айналдыру мақсатында жұмыс істейді. Жүйе кәрі құрлық пен Азияны 15 күн немесе одан аз уақыт ішінде байланыстыруға мүмкіндік береді. Оның іске қосылуы - бағыт бойымен жүктердің жедел жетуіне ықпал етеді. Яғни, жол машақатын шешетін бірқатар кедергілер жойылады.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

-Бұдан былай бұл бағыттағы  кедендік және салықтық рәсімдер, дәлізді цифрландыру, сондай-ақ жүк тасымалына қатысты құжаттарды толықтай электрондық үлгіге көшіру сынды көптеген жұмыстар нақты жобалармен қамтылады. Қаржы институттарымен уағдаластықтар бар, қаржыландырудың көздері табылды. Сондықтан, аталған платформа осы жобаларды іске асыруға тың серпін беретініне сенімдіміз.  

Майя Бакран, Еуропалық ұтқырлық және көлік комиссиясы Бас директорының орынбасары:

-Осыдан тура бір жыл бұрын Алматыда Еуропалық комиссия қаржыландырып, Еуропалық қайта құру және даму банкі жүзеге асырған Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік қатынасы бойынша зерттеу нәтижелерін ұсындық. Кейін оны  Брюссельде инвестициялық форумда таныстырдық. Ал бүгін біз бұл жұмысты үйлестіру платформасын іске қосу арқылы жалғастырудамыз. Бұл өте маңызды кезең.